Түркістан қалалық пробация қызметі есебінде 196 адам есепте тұр. Олардың 97 пайызы, яғни 116-сы жұмыспен қамтылған, ал қалған алтауы әлі де жұмыссыз. Дәл осы мақсатта бүгін прокуратура өкілдері мен қала әкімдігі бірлесіп, кәсіпкерлік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атын атамауды өтінген келіншек аяғын шалыс басқандардың бірі. Өмірінің ауыр кезеңінде күйзелістен ішімдікке салынып, істі болған. Қазір пәтер жағалап, 2 баласын жалғыз өзі асырап отырған ана өткеніне өкінеді. Себебі, бұрын сотты болғаны өміріне көп кедергі келтіруде. Тіпті, жоғары білімі бола тұра қарапайым жұмыс табудың өзі мұңға айналған.
Дәл осылай жұмыс іздеп сабылған 50-ден аса жан бүгінгі жиында жұмысқа қай жерге, қалай тұруға болады деген сауалдарына жауап алды. Сондай-ақ, өз кәсібін ашуға ниет білдіргендерге шағын және орта бизнеспен айналысу үшін мемлекеттен берілетін көмекті алудың жолдары түсіндірілді. Ал қалалық прокуратураның прокуроры Ақжарқын Расулдың айтуынша басты міндет - сотталғандардың қайта қылмысқа баруына жол бермей, қоғамға бейімдеу.
Кәсіп ашудың қыр-сырына қанығып, отбасына көмек қолын созуға мүмкіндік алған жандар Түркістан қалалық пробация қызметіне және қалалық әкімдікке өз алғыстарын айтты. Ал құзырлы органдар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп отыр.