Түркістан
EN

Қарағандыда жаппай мал қырылған ауыл карантинге жабылды

197
15.06.2022

Қарағанды облысының шет ауданына қарасты Ақшоқы ауылы карантинге жабылды. Себебі мұнда малдар белгісіз аурудан жаппай қырылып жатыр. Барлығы 240 бас мал дерт жұқтырған. Оның ішінде ресми дерек бойынша 76 ірі қара арам өлген. Басым бөлігі - бұзаулар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жануарлардың кенеттен тәбеті жоғалып, жатып қалады.

Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының баспасөз қызметі:

- Өлекселер инсинератор арқылы өртелді. Жою жұмыстары ауылдық округке тиесілі ескі мал қорымының аумағында, мүдделі мемлекеттік органдардың, аудандық ветеринариялық станция мамандарының қатысуымен жүргізілді. Ветеринарлар мал иелерімен бірлесіп, ауырған жануарларға симптоматикалық емдеу шараларын жүргізіп жатыр.

Жалпы Ақшоқы ауылдық округінде 2,5 мыңнан астам ірі қара мал бар. Мамандар дерттің тарап кетуіне жол бермес үшін ауылдың кіреберісіне бекет орнатты. Аурудың диагнозын анықтау мақсатында сынама алынып, республикалық ветеринария зертханасының Қарағанды облыстық филиалына жеткізілді.