Бұдан үш жыл бұрынғы болған ұшақ апатқа байланысты Алматыда сот отырысы өтті. Нәтижесінде 4 экс шенді бас бостандығынан айырылды. Естеріңізге сала кетсек, Bek Air әуекомпаниясының Алматы - Нұр-Сұлтан бағытында ұшқан ұшағы Алматы маңындағы жер үйге соқтығысқан болатын. Бұл апаттан 69 адам жарақат алып, 12 жолаушы мерт болды.
Сотталған шенеуліктер мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз иеленіп, жеке бас пайдасын көздеген. Сот үкімімен Талғар ауданы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы бастығы Марат Рыспеков,Талғар ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Мақсат Тыныбай, Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов, Панфилов ауылдық округі әкімінің бұрынғы орынбасары Құрманхан Галиева сотталды.
Оларға сот 5-8 жыл аралығындағы қамау тағайындады. Ал Талғар ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімі бастығының міндетін атқарған Мадияр Қадыржан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды. Аталғандардың барлығы енді мемлекеттік қызметке қайта орала алмайды.