Алматыдағы митинг қайғылы жағдаймен аяқталды. Наразы топ Гагарин даңғылын жауып тастаған. Ал жолдан көлігімен өтіп кетпек болған ер азаматты шерушілердің бірі өткізбей, жанжал шығарған. Салдарынан көлік жүргізушісі асфальтқа баспен құлап, мерт болды. Рұқсат етілмеген митинг кезінде адамның қаза тапқанын Алматы полиция департаменті растады. Рұқсат етілмеген акцияны Короленко көшесіндегі бір үйдің тұрғындары ұйымдастырғаны анықталды. Олар «2019 жылдан бері жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысына байланысты көліктер көбейіп кетті» дегенді желеу етіп, аулаларын жол жиегінен қоршауды талап еткен.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі:
«Рұқсат етілмеген акцияға қатысушылардың бірі – 1980 жылы туған М.есімді азаматтың әрекеті ҚР ҚК-нің 106 бабы 3 бөлігімен сараланады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін Сонымен қатар, рұқсат етілмеген акцияны ұйымдастырушылардың тағы төртеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды»