Шымкентте балабақша меңгерушілері бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Қаржы мониторингі агенттігінің мәлімдеуінше қазір оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Әңгіме "Балапан" мемлекеттік бағдарламасы мен жан басына шаққандағы қаржыландыру туралы болып отыр. Анықталғандай,балабақша басшылары 2019-2021 жылдар аралығында балалардың қатысуын тіркейтін табелге жалған мәліметтер енгізген. Сол арқылы жалпы сомасы 45,7 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз иеленген. ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Әлібек Әбділов, ҚР қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің өкілі:
- Мектепке дейінгі мекемелердің басшылары 2019-2021 жылдар аралығында балабақшаға келу есебіне дұрыс емес мәліметтер енгізу арқылы мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландырудың "Балапан" бағдарламасы бойынша қарастырылған жалпы сомасы 45,7 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз жымқырған деген күдік бар. Қазір бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.