Түркістан
EN

Қаржы пирамидаларын жарнамалағандар жауапқа тартылады

133
09.06.2022

Түркістан облысында жаңа қаржы пирамидасы анықталды. «Не работа» атты ұйымдасқан топ жеке тұлғалардан 80,5 млн теңге көлемінде қаржы тартқан. Дәл осы қаржы пирамидаларының мәселесі Парламент қабырғасында да қаралды. Мәжіліс депутаты Юрий Ли қаржы пирамидасын жарнамалағандарға қандай жаза тағайындалғанын айтып берді. 

Өткен жылы елімізде 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрығына ілінген. Оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді. Алайда биыл айылын жимаған алаяқтар  әлеуметтік желілер арқылы да тұрғындарды алдап, ақшасын жымқырып кетуге көшкен. Мәселен, Түркістан облысында «Не работа» атты қаржы пирамидасын ұйымдастырудың тағы бір дерегі анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше, қазір аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Әлібек Әбділов, ҚР қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің өкілі:  

- Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұйымдасқан топ 2019-2021 жылдар аралығында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тартылған қаражатты өз бағытына пайдаланбай, жеке тұлғалардан қаржылық пирамидаға активтерді тартуды қамтамасыз еткен. Пирамидаға тартылған қаражат сомасы 80,5 млн теңгені құрады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді

Қаржылық пирамидаға қатысы барлар қазір шетінен ұсталып жатыр. Еселеп пайда табуға шақырғандардың арасында өнер жұлдыздары да бар. Салымшылардың көбі солардың сөзіне иланып қалған. Енді заңсыз қаржы ұйымдарын жарнамалағандар 3-7 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

Юрий Ли, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Біз 217/1-бап түрінде ұсынып отырған бұл шара қаржы пирамидасы сияқты құбылысқа нақты заңнамалық жауап болады. Осы бапты енгізгеннен кейін атақты адамдар, блогерлер мен вайнерлер және басқа да қоғамдық пікір жетекшілері белгілі бір қаржы өнімдерін жарнамалау кезінде анағұрлым мұқият және жауапты болады деп үміттенемін. 

Юрий Ли аталған бапта қарастырылған жазалар қылмыстың алдын алудың өте тиімді шарасы деп санайды. Дегенмен, бұл ретте құқық қорғау органдарының қызметі мен еліміздегі қаржылық сауатты арттыру мәселесі де шет қалмауы керек дейді ол.