Түркістан
EN

Индустриалды аймақта кәсіпкерлер ісін жүргізуге кедергі көп

315
09.06.2022

Түркістанда пайдалануға берілгеніне жеті жыл уақыт болса да әлі күнге дейін іске қосылмаған темір жол бар. Ал оның зардабын кәсіпкерлер көріп отыр. Өйткені шетелден келетін шикі затты өздеріне жақын жерге қабылдап алуға мүмкіндік жоқ екенін айтады. Сондықтан шалғай жерден қыруар қаржыға қойма жалдауларына тура келеді екен. 

Жоғарыда аталған темір жол 2015 жылы пайдалануға берілген. Алайда сапасы мүлдем сын көтермейді. Сондықтан бұл жерден мүлдем жүк пойызы өтпеген. Ал оның зардабын кәсіпкерлер күні бүгінге дейін тартып келеді.

Камал Юлдашев, кәсіпкер:

- Қоймаларды салдық, бірақ жерге вагон келмейді. Себебі темір жол істемейді. 2015 жылы тапсырылған. Оны текникалық қадағалаушы тексеріп алған содан бері бірде-бір вагонда, тепловозда өткен жоқ. 

Темір жолдағы бөрене ағаштарының қазіргі сыйқы адам шошырлық. Қажетті бөлшектері ұрланып кеткен. 2020 жылы қайта жөндеуден өткізуге 38 милион теңге бөлінген екен. Алайда одан бері ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Егер сол кезде темір жол іске қосылғанда өндіріске қажетті материалдарды алыстан тасымалдамайтын едік дейді кәсіпкерлер. Өйткені қойма жалдауға бір жылда 12 миллион теңге шығындайды екен. 

Еркебай Жыңғылбаев, кәсіпкер:

- Бұл индустриялды аймақтағы ең бірінші мәселе ол - темір жол. Өнімді  тасымалдайық десек темір жол іске қосылмай жатыр. Содан кейін жарық мәселесі. Бізге ескертпей кез-келген уақытта өшіре салады. Соның кесірінен аппараттарымыз күйіп кетіп, 500 мың тіпті, 1 млн ға түскен кездеріміз болды.

Айта кетейік бұл жер индустриялды аймақ болып саналады. Алайда атына заты сай болмай отыр деп кәсіпкерлер күйінеді. Мұны Түркістан облыстық кәсіпкерлік палатасының жобаларды сүйемелдеу басқармасының басшысы да растап отыр. Ал Түркістан қалалық әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаев индустриялды аймаққа толық жағдай жасалған дейді. Ауыз су кәріз жүйесі келіп тұрғандығын айтады.

Кәсіпкерлер үшін өте қажетті темір жол желісі жақын арада жұмыс істемейтін секілді. Өйткені әкімдік өкілдері оны іске қосу үшін биыл бюджеттен қаражат бөлінбегенін ашық айтты.