Түркістан
EN

Әскерде әлімжеттік тыйылмай тұр

367
08.06.2022

Етегі жасқа толған ана, ортасына  түскен шаңырақ. Соңғы кездері тепсе темір үзетін, соқталдай азаматтарымыз отан алдындағы борышын өтеуге кетіп, үйіне табытпен оралатын болды. Жиырмаға жетпей қыршын кеткен боздақтардың өлімі жұмбақ күйінде қалып отыр. Медициналық тексеруден таза болып өткен сарбаздың денсаулығынан бір кінәрат пайда болады. Сонда ауру баланы әскерге жіберген әскери бөлімдегілер кінәлі ме? Осыған сенейін десең,  оған  ата-аналары келіспейді. Ал құзырлы органдар әлімжеттікті жоққа шығарып әлек. Сонда Отан қорғаймын дегендер бейбіт күнде кімнен қорлық көріп жатыр?

Сарыағаштық Еділ Тешебаев былтыр күзде  Маңғыстау облысына әскерге кеткен. Төрт ұлдың екіншісі  Отан алдындағы борышын өтеп, тіпті  әскери қызметте қалмақ болады. Алайда, 19 жастағы жігіт үйіне табытпен оралды.

Марқұмның туыстары мен жолдастары сарбазды әлімжеттіктің құрбаны болуы мүмкін дейді. Өйткені,  ол әскерге атанғалы жақындарынан үздіксіз ақша сұраумен болыпты. 

Бақыт Алтынбеков, марқұмның әкесі:   

- Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін неғыла береді дедім. Сол кезде 5 мың атаңа нәлет деп, салып жіберуім керек еді. Ойламадым ғой, мұндай болады деп,  демек баламнан ақша сұраған. Ақша бермегеннен кейін ұрып өлтірген де. Басқа несі бар. Асылып қалды дейді, балам менің асылмаған. Көзім жетеді оған. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр.

Нағима Нұрбайқызы, марқұмның анасы:       

- Мен өзім хирургияда істегем ғой, біз де мәйітханадан адам шығарғанбыз. Ол денесінен жылу кеткеннен кейін қалатын еді, мойны, бар жері қатып қалады, қимылдамайтын. Мұның мойны, омыртқалары ана жаққа, мына жаққа айналып жатыр. Оны әдейі өлтірген негізі, сөйткен де, өзі дарға асылды қыла салған. 

Осы іске қатысты қазір тергеу жүріп жатыр Ал мәйітті жеткізген әскери бөлім командирі «Еділ жиі есінен танып қала беретін» дейді. 

Асқар Аяғанов, ҚР ҰКҰ шекара қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы:    

- Есінен танып қалатын, ауа жетпей. Армияға келгенен бері. Тоғыз  ай бойы емес, осы соңғы айда ма, сол кезде бір рет кетті. Есінен танды, одан кейін госпитальға кетті, Ақтауға, емделді. 

Бұған қатысты  қорғаныс министрлігі, не шекара қызметіндегілер ресми мәлімдеме жасамады. Бұл елде болып жатқан алғашқы жағдай емес. Бұған дейінде осындай жағдайлар кездескен.

Мәселен Жамбылда шекара бекетінде жүріп көрші елден денесі табылған Ұлық Бердішов көптің есінде болар. Кеше осы іске қатысты ақпарат шықты. Сараптама қортындысы бойынша, сарбаздың қанынан спирт пен есірткі табылыпты. Дегенмен, марқұмның отбасы мұнымен мүлде келіспейді. Есірткі пайдаланғаны былай тұрсын ұлым өмірінде  шылым тартып көрмеген деп отыр.