Арнамызда көрсетілген «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы өз жемісін бере бастады. Бағдарламада өз жобасын қорғаған азамат Төлеби ауданы, Диханкөл елді мекенінде саумал-сауықтыру орталығын ашты. 5 млн. теңге грант жеңіп алған кәсіпкер өз ауласында 20 адамға арналған орталық салған. Қазір бес адамды жұмыспен қамтып отыр.
Диханкөл қымызы өңірде үлкен сұранысқа ие. Бие сауып, жанұясын асырап отырған Бағлан Рысбаев кәсібін кеңейтуге бел буыпты. Оның айтуынша, ғалымдар саумалдың қырыққа жуық аурудың алдын алатынын дәлелдеп берген. Оның үстіне сусын ағзаның ауруға қарсы белсенділігін күшейтеді. Сондықтан ол дәл осы бизнес жобаны қорғап, қолдауға ие болған.
Бағлан Рысбаев, кәсіпкер:
- Саумал сауықтыру орталығын аштық. Бұйырса Үкімет тарапынан берілген 5 млн. грант көмегімен халыққа қызмет сауықтыру орталығын ашамыз. Қазіргі уақытта демалыс орнында 20-25 адам бар.
Саумал-сауықтыру орталығында жатып ем алуға болады. Мұндағы қызметкер келушілерге 3 мезгіл тамағы мен саумалын ұсынады. Қаланың күйбең тіршілігінен шаршап, таулы өлкеге демалуға келетіндердің қарасы көп. Келушілер ем алуға алдын ала жазылады екен.
Тимур Нахыпбеков, Атамекен кәсіпкерлер палатасының директоры:
- “Бизнестің жол картасы 2025 “ бағдарламасына қатысып, мелекеттік грантын алып, өзінің территориясында, өзінің ауласында барлық ресурстарды пайдалана отырып, осындай кішігірім кәсібін ашып отыр.
Айта кетсек, Түркістан да бизнес алпауыттарының қатысуымен өткен жылы алғаш рет «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы бастау алған еді. Арнамыздағы ерекше форматтағы шоудың мақсаты – инвесторлардың көмегімен микробизнесті, стартаперлерді қолдау болатын. Осы жоба арқылы Түркістан облысы бойынша қазір 5 адам өз кәсібін бастаған.