Түркістан
EN

Түркістанда Референдум қалай өтті?

266
07.06.2022

Түркістан облысында саяси науқанда таңдау жасау құқығына ие азаматтар саны басқа өңірлерге қарағанда көбірек. Өңірде бұл күні  914 референдум учаскесі ашылып, онда  1 млн 163 мыңдай адам дауыс береді  деп жоспарланған . Жалпы оңтүстіктің жұртшылығы бүгінгі шараға қатысуы ерекше болды. Сондай-ақ аудан-қалаларда  шашу шашылып, мерекеге айналдырса, енді бірінде  қобыз тартылып, көптің көңілі көтерілді.

Данышбаевтар референдумға отбасымен келді. Тоғыз баласы бар жанұяда таңдау жасауға  тек ата-аналарының мүмкіндігі бар. Перзенттері әлі кәмелетке толмаған. Тұңғыш қызы тамыз айында 18-ге толады, ал кенжесі тоғыз айлық. Референдум учаскесіндегілер бұл жанұяның бүгінгі белсенділігіне тәнті болып, сыйлық тапсырды.

Мейрамгүл Сапаралиева, көпбалалы ана:

-         Референдумға біз отбасымызбен келдік. Біз үшін бұл өте маңызды. Өйткені тоғыз бала бағу оңай емес. Біз сияқты отбасылар өте көп Қазақстанда. Жақсы жағынан өзгерістер күтеміз.

 Ал, Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында тұратын Советбек Исақұлов ақсақал өз таңдауын ауруханада жатып жасады.  87 жастағы қария 467-ші   учаскіге тіркелгенімен,  денсаулығына байланысты бара алмаған. Дегенмен өтініші бойынша комиссия мүшелері ауруханаға өздері келді. 

Арыста 100 жастағы әжей  референдумда дауыс беруге өз аяғымен келді. Ғасыр жасаған кейуана Рысалды Бейсенбаева референдум учаскесіне немерелерімен келіп, көпке үлгі болды. Белсенділік танытқаны үшін әжейгеде сыйлық табысталды. Арыстықтар бұл күні дауыс беруге бір кісідей қатысып, ерекше белсенділік танытты. Апалар шашу шашып, тәттілер таратты.  Мақтаралдық келіншектер де қалыс қалмай,  референдумға қатысушыларға тәтті тағамдар мен жемістер әкелді. Сауран  ауданында  науқанға қатысушылар қобызшы қыздың өнерін тамашалады. Түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың лауераты атанып жүрген өнерпаз қыз отандық және әлемдік туындыларды орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Жалпы бұл күні облыс бойынша 6457 байқаушы референдум барысын бақылады. Соңғы мәліметке сәйкес, өңірде азаматтардың  78 пайыздан астамы өз таңдауын жасаған. Дауыс беру жағынан  Бәйдібек ауданы 87 пайызбен көш бастап тұрса, Отырарлықтар  86, Созақ аудандарының тұрғындары 83 пайыз қатысқан. Сондай-ақ, Төлеби ауданыда жергілікті халықтың 83 пайызы референдум учаскелеріне келген. Комиссия мүшеренінің айтуынша дауыс беру барысында қандай да бір заңбұзушылықтар тіркелмеді.