Түркістан облысы Бәйдібек ауданында 50 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Олар кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. Әрқайсында саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден бақылаушылар отыр. Біздің әріптесіміз Жандос Тастемір қазір Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда, нөмері 190-ыншы учаскеде жүр.
Салтанат Сабаншиева Шаян ауылындағы Садық Әбдіжаппаров мектебінде мұғалім. Жас маман бүгін алғашқылардың бірі болып, өзі тіркелген 190 Референдум учаскесіне келіп таңдау жасады. Ол мұндай саяси науқанға алғаш рет қатысып отырғанын айтады. Сондықтан осы күнді асыға күттім дейді нәзік жанды.
Салтанат Сабаншиева, референдумға қатысушы:
- Бүгінгі референдумның маңызын біліп менде алғашқылардың бірі болып, беруге келіп тұрмын. Жалпы бұл референдумның маңызы біздің Қазақстан үшін, Қазақстан халқы үшін маңызы зор болғаннан кейін таңдауымды жасауға келіп тұрмын. Өзім секілді жастарда өз учаскілеріне барып, дауыстарын береді деп сенім білдіремін. Осы референдумға Қазақстанның жастары болып,өз үлесімізді қосайық
Мұнда Салтанат секілді 14 адам алғаш рет таңдау жасағалы тұр. Жалпы аталған учаскеге тіркелген адам саны 2 мыңнан асады.Тұрғындар таңғы 7:00-ден бастап келіп, белсенділік танытуда.
Калзат Апекова, №190 референдум учаскесінің төрайымы:
- Сағат 10 ға дейін 200 кісі дауыс берді. Келе алмайтын 13 дауыс берушіміз бар. Соған арнайы көлік дайындалған. Сонымен барып, үй жағдайларында ол кісілерге таңдау жасатады. Мүгедек кісілерге де арнайы жағдай жасалған. Сары жолақпен белгіленген. Мына жерде ол кісілерге арналған бөлек дауыс беру орны бар. Сол орынға кіріп өздері дауыс бере алады.
Бақылаушылардың сөзінше әзірге ешқандай заң бұзушылық орын алмаған. Барлығы талапқа сай өтуде дейді. Бәйдібек ауданында 50 референдум учаскесі бар. Бүгін 28507 тұрғын таңдау жасайды деп күтілуде.