Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин Кремлде кездесті. Мемлекет басшылары цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін талқылады. Оған қоса екіжақты сауда-экономикалық байланысқа баса мән берілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы салада 30 млрдтық межеге қол жеткізуге нық қадам басып келе жатқандықтарын жеткізді. Сондай-ақ Президент таяуда өткен үш держава басшыларының басқосуы жайлы да пікір білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
Сізді жуырда Қытайға жасаған сапарыңыздың табысты болуымен, сондай-ақ Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қатысуыңызбен құттықтаймын. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұдан зорын күту орынсыз болар еді. Байқауымша, аталған декларацияны әзірлеуге Өзіңіз тікелей атсалыстыңыз. Өйткені жазылу мәнері мен мазмұны маған таныс. Жиі айтып жүрген мәселелеріңіз осы құжаттың негізгі тармақтары ретінде енген екен.