Ордабасылық шаруалар дәстүрлі көкөністен бөлек, цитрусты жеміс өсіруді де табыс көзіне айналдырған. Темірлан ауылындағы жылыжайдан жылына 30 тоннаға жуық лимон жиналады. Кәсібін дөңгелеткен агроном енді «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы үстемақысы аз несие алып, қосымша жылыжайда құлпынай өсіруге кірісті.
Елнұр Сейдазимов - бірнеше жылдан бері бау-бақша дақылдарын өсірумен айналысып келе жатқан жас агроном. Ол 2017 жылы өз қаражысына Темірлан ауылында 50 соттық жылыжай салып, лимон өсіруді қолға алған. Цитрус жеміс ағаштарын Өзбекстаннан арнайы алдырып, жергілікті климатқа жерсіндірген.