Бұлақ басында отырса да, Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының тұрғындары жылдар бойы судан таршылық көріп келеді. Түйіні тарқамай келе жатқан түйткілді мәселені енді облыс әкімі өз бақылауына алды. Өңір басшысы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Он жеті мың тұрғыны бар Дербісек халқы су келетін күнді кестеге қарап күтеді. Уәде етілген уақытта жетсе игі, кейде тозығы жеткен құбыр жарылып, тіршілікті тежейді. Ауыл ақсақалы мәселенің басы құрылыс кезінде-ақ дұрыс есептелмегенін айтады.