Балабақшалардың 80% мемлекеттік аттестациядан өте алмады. Мәселен, мектепке дейінгі мекемелерде орнатылған бейнекамералардың арқасында балалардың құқықтары бұзылған жағдайлар жиі анықталуда. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік парақшасында жазды.
Ведомство басшысы 10 жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санын арттыру үшін лицензиялаудан бас тарту туралы шешім қабылданғанын, сол арқылы жекеменшік балабақшалар саны күрт артқанын айтты. Алайда қазіргі уақытта саны көп, сапасы жоқ бала-бақшалар көбейіп кеткен. Сондықтан балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту керек деді министр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:
- Былтырдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмады. Әңгіме балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр
Сондай-ақ, білім және ғылым министрі соңғы жылдары балабақша тәрбиешісі мамандығына оқуға түсушілердің саны күрт төмендегенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл ең алдымен жалақыға байланысты. Тәрбиешілердің айлығы жыл сайын 25%-ға өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз екенін айтады ведомство басшысы.
Қазір бұл мәселесіні шешу үшін еліміздің бірқатар балабақшаларында пилоттық жоба сынақтан өткізіліп жатқан көрінеді.