Жоғары білімнің болашағы жасанды интеллект технологияларымен тығыз байланысты. Сондықтан Қазақстанда бұл бағыттағы ғылыми зерттеулер мен білім беру саласын дамытуға басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында осылай деді. Президент елімізде жасанды интеллектіні дамыту үшін заңнамалық негіз қалыптасып, жаңа бастамалар қолға алынғанын атап өтті.
Қазақстанда 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Осы бағытта «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Цифрлық кодекс бекітілді. Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Зерттеуші ғалымдар KazLLM және AlemLLM ұлттық тіл модельдерінің негізгі элементтерін әзірледі.