Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Үкімет басшысы өңірдегі ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарын аралап, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын бағамдады. Премьер-министр арнайы танысқан нысандардың бірі - Хромтау ауданындағы «Ақтөбе мыс компаниясының» кен байыту фабрикасы. Кәсіпорында мыс және мыс-мырыш кендерін өңдеу кезінде пайдалы компоненттердің жоғалуын азайтуға мүмкіндік беретін заманауи флотация технологиялары қолданылады. Мұнда жылына 5 млн тонна кен өңделеді. Өндірісті дамытуға осы уақытқа дейін 407 млрд теңге инвестиция салынып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар өндіріс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында цифрлық шешімдер енгізілген.