Шымкентте бензин таситын көлік жол апатына ұшырап, түгелдей өртеніп кетті. Қайғылы оқиға салдарынан бір адам қаза тапты. Оқиға Тұран ауданына қарасты Ташкент тасжолында болған. Жол апаты кезінде аударылған ауыр жүк көлігін бірден қызыл жалын шарпып, жолға төгілген жанармайдан жылдам от тұтанған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалын 60 шаршы метр аумаққа жайылған. Тілсіз жауды ауыздықтау кезінде құтқарушылар көлік кабинасынан ер адамның мәйітін тапты. Қазір полиция қызметкерлері қайғылы оқиғаның себебі мен мән-жайын тергеп жатыр.