Жамбыл облысы арқылы Қазақстанға құны жарты миллиард теңге болатын электронды темекіні заңсыз өткізбек болғандар ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті 13 мың дана тыйым салынған өнімді шекарада тәркіледі. Биыл кеден бекеттерінде әшкереленген ірі қылмыстар мұнымен шектелмейді. Бұған дейін Ақтөбе облысындағы «Әлімбет» өткізу пунктінде 600 мың қорап темекінің жолы кесілген болатын. Сондай-ақ Қырғызстаннан заңсыз темекі тасымалдаған қылмыстық топқа лауазымды шенеунік қамқорлық жасағаны анықталды. Заңсыз өнімнің жалпы айналымы 200 миллиард теңге деп бағаланған.