Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылдық округінде ауыз су жүйесі жаңғыртылып жатыр. Үш жылға межеленген жобаға облыстық бюджеттен 1 миллиард 344 миллион теңге қаралған. Құрылыс аяқталғанда елді мекендегі 3 мыңға жуық тұрғын сапалы тіршілік нәрімен қамтылмақ. Жоба аясында ауылдағы 14 көшенің бойымен тартылған 40 шақырым су құбыры қайта жаңартылады. Ескі құдықтар мен гидротехникалық қондырғылар ауыстырылып, өрт қауіпсіздігіне арналған гидранттар қойылады. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 160 текше метрлік жаңа су мұнаралары орнатылмақ. Биылғы құрылыс-монтаж жұмыстарына 500 миллион теңге бөлініп, мердігерлер іске кірісті. Нәтижесінде ауылдағы 500 абонентке таза ауыз су үздіксіз берілетін болады.
ТОҚБЕРГЕН БАЕКЕЕВ — АҚДАЛА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
«Ауыз сумен қамту бойынша елді мекенімізде жоба аясында 4 су ұңғымасы қазылады. Екі су жинау мұнарасы (водозаборная башня) орнатылады. Бұл мұнаралардың биіктігі 25 метр, ал сыйымдылығы 160 текше метр болады. Осы жұмыстар ауыз судың қысымын толық қалпына келтіреді».