Дипфейк жасағандар мен таратқандар жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтай депутаттары мәлімдеді. Олардың айтуынша, жасанды интеллект көмегімен адамның бейнесі мен дауысын пайдаланып, жалған аудио және бейнематериалдар жасау азаматтардың құқығы мен жеке өміріне қауіп төндіріп отыр. Әсіресе адамның келісімінсіз интимдік сипаттағы жалған бейнелерді тарату деректері алаңдаушылық туғызады. Осыған байланысты депутаттар мұндай материалдарды жасаған және таратқан адамдарды анықтап, жауапкершілікке тарту тетіктерін күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ заңсыз контентті жедел анықтап, интернеттен жою үшін мемлекеттік органдар мен онлайн-платформалардың, соның ішінде шетелдік сервистердің өзара іс-қимылын үйлестіру қажеттігін айтты.
ГҮЛІСХАН НАХБАЕВА ҚР ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ
Жасанды интеллектінің заманауи технологиялары адамның бұрын-соңды айтпаған сөздерін сөйлетіп, жасамаған әрекеттерін жасатып, ешқашан болмаған жерде жүргендей етіп көрсететін фото, бейне және аудиоматериалдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл үшін жоғары кәсіби дағдылар мен арнайы құралдардың болуы міндетті емес. Ашық қолжетімді фотосурет немесе дауыс жазбасы жеткілікті.