Қазақстанда заңсыз контент таратқан онлайн-платформалар мен олардың өкілдіктері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ енді масс-медиа мен әлеуметтік желілерде бейәдеп сөздер қолданғандар да жазадан құтылмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген тиісті заң жобаларын Құрылтай бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қатысты да бірқатар өзгеріс бар. Енді БАҚ мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы таңбалауға міндеттеледі. Ал еркін қолжетімді теле және радиоарналар тізбесіне енген арналар 30 күн ішінде хабар таратуға кірісуі керек. Сондай-ақ заңнамаға «аудиовизуалды платформа» ұғымы енгізіліп, мұндай платформа операторлары қызметінің тәртібі нақты айқындалмақ.
АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ
Бүгінде ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер мен жала жабу платформалар арқылы кең аудиторияға таралуы мүмкін. Осыған байланысты заң жобасында теріске шығаруды ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған сол ақпарат көзінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде де орналастыру көзделеді.