Түркістан облысында елді мекендерді дамыту және құрылыс саласын бақылау жұмыстары күшейтілді. Құрылыс нысандарын жоспарлаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі кезеңдерді қамтитын бірыңғай цифрлық жүйе енгізілді. Облыстың кешенді даму схемасы әзірленіп, Түркістан қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізілді. Жаңа жоспар бойынша қала халқы 400 мыңға дейін, туристер саны жылына 5 миллионға дейін жетеді деп көзделген. Тұрғын үй және өндірістік аумақтар кеңейтіліп, инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту қарастырылған. Бұл туралы өңірлік сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы мәлімдеді. Брифинг барысында басқарма басшысы Қуаныш Асановқа көпқабатты тұрғын үйлерді жобалау кезінде балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар қойылды. Себебі жаңа үйлердің ауласындағы ойын алаңдары көбіне қоршаусыз, көлік жолына тым жақын орналасқан.