Түркістан
EN

Терроризм туралы жалған ақпарат берген 23 адам ұсталды

12
19.11.2026

Жыл басынан бері жалған лаңкестік хабарлама таратқан 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, олардың жетеуі 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Жарылғыш зат қойылғаны немесе өзге де қауіп-қатер туралы мұндай жалған ақпарат телефон, электронды пошта, мессенджерлер арқылы жолданады. Әлеуметтік желіде «сваттинг» деп аталатын бұл әрекетке көбіне оны жай ғана әзіл немесе назар аударту тәсілі деп қабылдайтын жасөспірімдер барады. Алайда бір ғана жалған хабарламаның салдарынан мектептер, ауруханалар мен өзге де мекемелер шұғыл эвакуацияланып, оқиға орнына полиция, құтқарушылар және арнайы қызметтер жұмылдырылады. Соның кесірінен жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, мемлекеттің қомақты қаржысы мен ресурсы шығындалады. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын қатаң ескертеді. Бұл қылмыс үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлілер  шұғыл қызметтердің жұмысына кеткен шығынды қоса алғанда, келтірілген барлық залалды толық өтеуге міндеттеледі.