«Пайызсыз баспана мен автокөлік әпереміз» деп азаматтардан 562 миллион теңгеден астам қаражат жинаған қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігі күдікке ілінген бес адамның ісін сотқа жолдады. Олар тұтыну кооперативі деген желеумен еліміздің оннан астам қаласында кеңсе ашқан. Әлеуметтік желідегі жарнама арқылы жұртқа пәтер мен көлік алуға пайызсыз қарыз, несиені қайта қаржыландыру және Trade-in бағдарламаларын ұсынған. Алайда басты талап — ұйымға жаңа салымшылар тарту болған. Осылайша күдіктілер онлайн платформалар арқылы 332 азаматты тақырға отырғызған. Сот санкциясымен қылмысты ұйымдастырушылардың алты көлік пен криптоактивтеріне тыйым салынды.