Түркістан облысы тұрғындарының 93 пайызы мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Ал өзге ұлт өкілдерінің 74 пайызы қазақ тілін меңгерген. Бұл өңірдегі тіл мамандарының жүйелі жұмысының нәтижесі. Бүгін Түркістанда өткен «Тіл – ұлттың ұлы мұрасы» атты салтанатты жиында осы саланың үздіктері марапатталды. Тақырыпты әріптесім жалғайды.
Ана тілге деген шынайы құрмет жалаң ұранмен емес, нақты іспен өлшенеді. Осы жауапты миссияны жиырма жылдан астам уақыттан бері абыроймен атқарып келе жатқан мамандардың бірі, төлебилік Күлшаһар Абдуғаппарова. Оның ширек ғасырға жуық тәжірибесі мен тың әдістемелік ізденістері лайықты бағасын алып, бүгінгі шарада «Үздік әдіскер – 2026» номинациясын иеленді.