Францияда жалақыны көтеру және тұрмыс құнының қымбаттауына байланысты наразылық акциялары жалғасып жатыр. Елдің бірнеше қаласында мыңдаған адам көшеге шығып, үкіметтен әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуді талап етті. Парижде мектеп оқушылары мен кәсіподақ өкілдері білім ордасының жұмысын тоқтатып, кіреберісін қоршады. Мектеп маңына арнайы жасақ қызметкерлері де жұмылдырылған. Наразылық білдірушілердің айтуынша, биліктің қабылдап жатқан шаралары халықтың талабын қанағаттандырмайды. Көлік кәсіподағының өкілі де үкіметтің мәлімдемелері жеткіліксіз екенін айтып, ұзақ мерзімді шешім қабылдау қажеттігін алға тартты. Оның сөзінше, елде инфляция мен энергия бағасының өсуі жалғасып жатқанда, жалақы көлемі өзгеріссіз қалып отыр.