Қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасы Әзербайжан астанасы Бакуде таныстырылды. Әзербайжан Ұлттық тарих музейінде «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты халықаралық көрме ашылды. Экспозицияға қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін, ұлттық киімі мен салт-дәстүрін бейнелейтін 69 бірегей этнографиялық жәдігер қойылған. Көрме бес тақырыптық бөлімнен тұрады. Онда тұрмыста қолданылған ыдыс-аяқ, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар, киіз және тоқыма өнері мен ұлттық киім үлгілері ұсынылған. Жоба Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып, ұлттық мұраны халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған. Көрме биылғы жылдың 12 желтоқсанына дейін жалғасады.