Мақтаарал ауданында күзгі жиын-терім науқаны қорытындыланды. «Алтын күз» шарасында ауыл шаруашылығы саласының озаттары марапатталды. Биыл мырзашөлдіктер 61 мың гектарға жуық егістік алқабына түрлі дақылдарды еккен. Нәтижесінде 101 мың тонна мақта, 370 мың тонна бақша өнімі, 26 мың тонна көкөніс, 51 мың тонна мал азықтық дақылдар жинаған. Биыл 9 ай қорытындысы бойынша аймақта 66 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өскен. Оның ішінде егін шаруашылығындағы өнім көлемі 54 миллиард теңге, мал шаруашылығында 12 миллиард теңгеге жеткен. Ал, ақ алтынды өндіруден өңірде Достық ауылдық округі үздік атанды. Елдімекен басшысы соңғы жылдары су үнемдеу технологиясын тиімді пайдаланып келе жатырмыз дейді.