Қай елде жүрсе де, жүрегі Қазақстан деп соғатын отандастарымыз тарихи Отанына арнайы сапармен келді. «Киелі Қазақстан» жобасы аясында шетелден жиналған жиырмаға жуық азамат Шымкент қаласы мен Түркістан өңірінің тарихи орындарын аралап, қасиетті мекендердің тарихымен танысты.
Жоба шетелдегі отандастардың атамекенмен байланысын нығайтып, ел тарихы мен мәдениетін тереңірек тануына мүмкіндік береді. Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған сапарға әлемнің 12 елінен қандастарымыз келді. Арасында Нидерланд, Германия, Оңтүстік Корея, Қытай және Моңғолияда тұрып жатқандар бар. Олардың әрқайсысы шетелде жүрсе де, Қазақстанмен рухани байланысын үзбеген.