Елімізден көрші мемлекеттерге заңсыз жанармай тасымалдау тыйылмай тұр. Осы іспен айналысып жүргендерден жыл басынан бері шекара асырмақ болған 160 тоннаға жуық бензин тәркіленді.Қазір Ішкі істер министрлігі мемлекеттік шекарадағы 48 өткізу бекетін күні-түні күзетуде. Күшейтілген рейд нәтижесінде көлігіне қосымша, май құю багін заңсыз орнатқан 600-ге жуық жүргізуші анықталды. Олар осылайша 159 жарым тонна бензинді шетелге асырмақ болған. Заң бұзушылық әсіресе үш өңірде өте көп. Көш басында – Жамбыл облысы. Мұнда 386 адамға айыппұл салынды. Одан кейінгі орында 119 дерекпен Түркістан, ал 80 фактімен Қостанай облысы тұр. Еске салсақ, осы жазда Шығыс Қазақстан облысы арқылы Қытайға 2 тонна бензин өткізбек болған шетелдіктер де қолға түскен еді.