Алматыда діни экстремизмді насихаттап, алауыздық тудырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу дерегінше, ол 2024 жылдан бері шетелде жүріп, радикалды идеяларды таратумен айналысқан. Ол Telegram мессенджерінде жабық топтар ашып, онлайн дәрістер өткізіп отырған. Бұған дейін оның бірнеше аудиожазбасы сот шешімімен терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бар экстремистік материал деп танылған еді. Шетелде діни білім алған күдікті өз беделін пайдаланып, 2024–2025 жылдары сеніміне кірген азаматтардан 60 миллион теңгеден астам ақша жинаған. Ол Алматыда жүргізілген арнайы рейд барысында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер Алматы қаласы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тінту жүргізіп, экстремистік сипаттағы діни әдебиеттер мен қолжазбаларды тәркіледі. Қазір қылмыстық іске қатысы бар өзге де сыбайластар анықталып жатыр.