Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді өңірлерде жүзеге асыру барысы пысықталуда. Бірқатар салалық министрлік өкілдері Түркістан облысының Сауран ауданына барып, тұрғындармен арнайы кездесу өткізді. Келелі жиында елді мекендердің өзекті мәселелері талқыланып, ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың жай-жапсары түсіндірілді. Сондай-ақ делегация мүшелері аудандағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Тақырыпты әріптесім жалғайды.
Елордадан келген делегация мүшелері ең алдымен аудан тұрғындарымен жүздесті. Ашық диалог алаңында ауыл-аймақтың өзекті түйткілдері талқыланып, Жолдауда белгіленген басым бағыттар кеңінен түсіндірілді. Кездесу әрі қарай білім ордасында ұстаздар қауымымен жалғасты. Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, ауқымды құрылыс бағдарламасы аясында алдағы үш жылға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінген. Ал биыл соның 1,5 триллион теңгесін игеру жоспарланып отыр.