Қарапайым жылу пештерін құрастырудан басталған кәсіп - ірі отандық өндіріс ошағына айналды. Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Ақсу ауылында жылына төрт жүзден астам жылу қазандығы шығарылады. Жиырма жыл бойы нарықта өз орнын тапқан зауыттың өнімдері бүгінде еліміздің бірнеше өңіріне жөнелтіліп жатыр. Ауылдағы өндірістің тыныс-тіршілігімен әріптесіміз танысып қайтты.
Қыс түсіп, ауа райы салқындағанда әрбір шаңыраққа жылу сыйлайтын қазандықтардың орны бөлек. Ал сондай жылу жабдықтарын қаңқасынан бастап, әр бөлшегін жалғап, құрастырып беретін арнайы кәсіпорын бар. Ақсу ауылында осыдан жиырма жыл ілгері, қарапайым жылу құралдарын шығарудан бастаған зауыт, бүгінде ірі өндіріс ошағына айналған. Арада бірнеше жыл өтіп, заман көшіне ілескен кәсіпорын өнім көлемін арттырып, бүгінгі күннің талабына сай қазандықтарды өндіруде. Жергілікті мамандардың қолынан шыққан өнімге қазіргі уақытта еліміздің әр өңірінен сұраныс көбейген.