Биылғы оқу жылында мектеп бағдарламасы жаңарып, білім беру жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның нәтижесінде оқушылар жаңа курстарды меңгеріп, заманауи бағыттар бойынша білім алуда. Атап айтқанда, құқықтық сауаттылық, жеке қауіпсіздік және жасанды интеллект бағыттарына басымдық берілген. Жаңа пәндердің ерекшелігі неде? Олар оқушыларға қандай мүмкіндік береді?
Биылғы оқу жылындағы басты жаңалықтың бірі – Конституция негіздері және Заң мен тәртіп курстарынының енгізілуі. Алғашқысы 5-7 сыныптарға, екіншісі 8-11 сыныптарға арналған. Сабақ барысында оқушылар азаматтық құқықтарын, міндеттерін және заң талаптарын сақтаудың маңызын үйренеді.