«Газды дұрыс пайдалану ережесін бұзғандар қатаң әкімшілік жауапқа тартылсын!» Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аппарат мәжілісінде жылыту маусымының барысын пысықтап, бақылауды күшейтуді тапсырды. Қазір өңірде 3 мыңнан аса әлеуметтік нысанға жылу беріліп, қажетті көмірдің 80 пайыздан астамы жеткізілген.
Биыл өңірдегі барлық қала мен ауданда жылыту маусымы белгіленген мерзімде, яғни он бесінші қазан мен бірінші қараша аралығында іске қосылды. Бүгінде облыста 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 2200-ден астам автономды қазандық кідіріссіз жұмыс істеуде. Нәтижесінде 1310 мектеп пен балабақша, 737 денсаулық сақтау, 239 мәдениет және 74 спорт нысаны жылуға толық қосылды. Сондай-ақ жеті жүзден астам көпқабатты тұрғын үйдің де жылу жүйесі қалыпты температураны ұстап тұр.