Шымкент қаласы Достық шағынауданындағы тұрғын үйлерде тұрмыстық техникалар бірінен соң бірі күйіп кетіп жатыр. Себеп - сапасыз электр қуаты. 10 жылдан бері жарыққа жарымай отырған тұрғындар әкімдік электр бағанасын орната бастағанда бөркін аспанға атып қуанған. Алайда ол қуаныштары көпке созылмапты. Өйткені Шымкенттегі Достық шағынауданында мыңға жуық шаңырақ бар. Оның 500-і жеке кәсіпкердің трансформаторына тәуелді. Алайда құрылғының өзі бұған шақталмаған. Тиісінше жарық жиі сөнеді екен. Жауын шашын болып, жел тұрса тіптен болмайтын көрінеді. Сорақысы электр қуаты жиі өшіп жанатындықтан көп үйдің тұрмыстық техникалар да күйіп кеткен. Оны жөндетуден әбден қалталары қағылған бұхара, базынамызды айтып бармаған жеріміз жоқ дейді. Жекенің жарығы болған соң жағдайы белгілі. Үп етсең бағаналары құлағалы тұр. Сымдары да жөн-жосықсыз тартылған. Соған қарамастан мемлекеттің жарығынан бірнеше есе қымбат төлейді. Әкімдік осыдан 2 жыл бұрын электр бағаналарын орнатқан. Алайда пайдасы жоқ құр ескерткіш дейді тұрғындар. Ал жергілікті билік Достық шағынауданын сапалы электр жарығымен 2020 жылы қамтуды жоспарлаған. Алайда мердігермен арада келіспеушілік туындап, іс сотқа жетіпті. Сондықтан конкурсты қайта жариялауға тура келгенін айтады. Әкімдіктегілер әдеттегідай уәдесін үйіп төкті. Жыл соңына дейін мәселе оң шешімін табады деп сендірді. Алайда мұндай уәденің талайын естіп, құлағы үйреніп қалған қараша оған сенгісі келмейді.