Түркістан облысындағы Отырар ауданының тұрғындары экзотикалық жемісті жерсіндіріп, ерекше бизнес бастады. Шәмші ауылындағы кәсіпкер жылыжайда банан мен папайя өсіріп жатыр. Тропикалық өсімдіктерді күтіп-баптау үшін жердің астынан шығатын шипалы ыстық су пайдаланылады. Алғашқы өнім 4-5 айда толық пісіп, сатылымға шығады.
Бұл Африка емес, Эквадор емес өзіміздің Түркістан облысындағы Шәмші ауылы. Иә, Шәмші ауылында банан өсірілуде. Былай қарасақ біздің жер тропикалық жеміс өсіруге қолайсыз деуіміз мүмкін. Бірақ, Отырар ауданының тұрғыны осы кәсіпті берекесін келтіріп бизнес бастап отыр.
Түркиядан арнайы әкелінген 200 түп көшеттің егілгеніне 8 айдай болған. Қазір ағаштар бүр жарып, пісіп жетілуге жақындады. Ең басты ерекшелігі бұл өнімге ешқандай химикат қосылмайды, 100 пайыз табиғи.