Ғасыр ғұмырлы ұстаз «Құрмет» орденімен марапатталды. Қапира Сәдуақасова - саналы өмірін ғылым мен білімге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты тұлға. Ол Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ұзақ жылдар еңбек етіп, тарих ғылымының дамуына үлес қосқан. Қарашаңырақта ғалымның құрметіне «Ежелгі дүние тарихы» дәрісханасы да ашылған болатын. Биыл 101 жасқа толған ардагер ұстазды оқу орнының ректоры, басқарма төрағасы Қайрат Балабиев арнайы барып құттықтап, мемлекеттік марапат пен гүл шоқтарын табыстады.