Ертең рухани шаһар үлкен футболдың орталығына айналмақ. «Түркістан Арена» стадионында футболдан Қазақстан Кубогының финалдық матчы өтеді. Шешуші сында Шымкенттің «Ордабасы» мен Қызылорданың «Қайсар» командалары бас жүлдені сарапқа салады. Бүгін қос ұжымның футболшылары жасыл алаңға шығып, ойын алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтады. Жаттығудан соң қос ұжым баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Айта кетейік, қос қарсылас жақында ғана Қазақстан Премьер-лигасы аясында кездесіп, онда «Ордабасы» 4:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын. Алайда кубок финалының жөні бөлек, бір ғана ойыннан тұратын тартысты бәсекеде қайсарлықтар есе қайтаруға тырысары анық. Бұл шешуші кездесуге оралдық тәжірибелі қазы Болат Сәриев бас төреші болып бекітілді.