Елімізде қант қымбаттады. Бағаның өсуі бойынша, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Орал, Қарағанды қалаларында ел дүрлігіп, дабыл қақты. Тіпті дүкендерде тәттіге талас басталып, сөрелерде құмшекер тапшылығы бар. Дүкен сөрелерінде бірден қант жоғалып, тапшылықтың кесірінен тұрғындар бір-бірімен жаға жыртысып қала жаздады. Оқиға Оралдағы супермаркеттердің бірінде болған. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жайт қалыпты жағдайға айналған. Бір қызығы Елорданың өзінде бірқатар сауда нысандарында қанттың бір келісін 320 теңгеден бастап 470 теңгеге дейін бекітілген бағада сатылып жатыр екен. Дегенмен ең қымбат қант -Қарағандыда. Келісі -1300 теңге тұрады. Ал кей дүкендерде шекер таппайсың. Түркістандықтар да құмшекер қымбаттады деп отыр. 10 күн бұрын келісін 500 теңгеге алған олар, қазір 50-60 теңге қосылды дейді. Алайда, Түркістан облысының тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева әлеуметтік дүкендерде қантты 335 теңгеге саудалап жатқанын айтады. Бағаның өсуіне бірнеше факторлардың әсер еткенін тілге тиек етті. Елде туындаған дүрбелеңге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда 67 мың тонна қант қоры бар. Қоймалардағы өнімді өңірлерге жедел жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Өндіріс тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Қосымша тағы 16 мың тонна өнім облыстарға жеткізілмек.