Франция билігі елдегі әлеуметтік наразылықтың күрт күшеюіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі бүгін өтетін жалпыхалықтық шеруге 700 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Бұл жолғы ереуілдің ерекшелігі, кәсіподақтардың үндеуіне тек жұмысшылар ғана емес, студенттер мен танымал «сары кеудешелілер» қозғалысының өкілдері де қосылып отыр. Наразылықтың басты себебі, күнделікті өмір сүру шығындарының қымбаттауы, халықтың табысы мен сатып алу қабілетінің төмендеуі және білім беру жүйесіндегі түйткілдер. Әсіресе, мектептердегі оқушы санының тым көптігі мен мұғалім жетіспеушілігі жастардың ашу-ызасын туғызған. Франция үкіметі бұл шерулердің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін екенін ескертеді. Себебі бұған дейінгі наразылықтар кезінде де бірнеше қалада қақтығыс болып, ғимараттар қирап, мыңдаған дүкен тоналған еді.