Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағына алынған алғашқы бойжеткен жауынгерлік қызметке кірісті. «Китана» бүркеншік атымен танылған Қымбат Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарыста командасымен бірге қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленген. Ал жалпы командалық есепте 18-орынға тұрақтап, бірқатар ерлер құрамаларынан да жоғары нәтиже көрсеткен. Жарыс барысында мергендігімен көзге түскен Қымбатқа «Бүркіт» арнайы жасағы ұсыныс білдіреді. Ол көп ойланбастан келісім беріп, осылайша бөлімше тарихында алғашқы әскери қызметші қыз атанды. Қазір Қымбаттың алға қойған басты мақсаты – күрең берет сынағынан сүрінбей өту. Мақсатына жетсе, ол Ұлттық ұлан тарихында күрең беретке қол жеткізген алғашқы әйел жауынгер атанбақ.
ҚЫМБАТ АХМЕТ - ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ «БҮРКІТ» АРНАЙЫ ЖАСАҒЫНЫҢ ЖАУЫНГЕРІ
«Қыз баласы үшін арнайы жасақта қызмет атқару өте қауіпті. Себебі ерлеремен иық тіресе жұмыс істейміз. Мұнда қыз, еркек деп бөлінбейді. Жұмысымыз бір. Қандай да бір тапсырма түссе соны қай қайсымыз болса да орындауға барымызды саламыз. Өзім бұны бала күннен армандап, қол жеткіздім»