Түркістан
EN

Газдың иісінен 294 адам қайтыс болған: депутат дабыл қақты

3
05.11.2026

Елімізде соңғы бес жылда табиғи газды пайдалану кезінде 1300-ден астам адам уланып, оның 294-і қайғылы жағдайда көз жұмған. Бұл туралы бүгін Құрылтай отырысында депутат Беғалы Ералиев, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында мәлімдеді. Оның айтуынша, жылыту маусымы басталған сайын елдегі газдан улану қаупі бірнеше есе артады. Әсіресе, ескі көпқабатты үйлердің жағдайы мүлдем сын көтермейді. Ондағы газ жабдықтары, түтін шығаратын мұржалар мен желдету арналары әбден тозған. Осындай ескірген жүйелердің кесірінен улы газ үй ішіне тез таралып, адам өміріне тікелей қауіп төндіреді. Сондай-ақ, Беғалы Ералиев баспаналардың газ жарақтарын тексеру жүйесінде де, бірқатар олқылық барын айтты. Мәселен, қауіпсіздікке жауапты кейбір мекемелер техникалық бақылауды іс жүзінде емес, тек қағаз түрінде ғана рәсімдеп қояды. Ешқандай нақты тексеріс жүргізілмесе де, тұрғындардан қызмет ақысы тұрақты түрде алынады. Депутат көппәтерлі тұрғын үйлердегі газ жабдықтарын тексеру мен техникалық қызмет көрсету тәртібін күшейтуді ұсынды. 

БЕҒАЛЫ ЕРАЛИЕВ – ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ       

Мәселенің тағы бір жағы – кейбір тұрғындардың газ жабдықтарына қызмет көрсету туралы шарт жасасудан, ақы төлеуден немесе мамандарды үйіне кіргізуден бас тартуы. Ал анықталған ақауларды жою жөніндегі талаптар да орындалмай жатады. Мұндай жауапсыздықтың салдары бір пәтердің шеңберінен шығып, тұтас үй тұрғындарының өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ең бастысы – тексерудің қағаз жүзінде жүргізілуі емес, тұрғындардың қауіпсіздігін нақты қамтамасыз ету.