Келесі жылдан бастап Түркістан облысында әлеуметтік көмек алатын 500 мыңға жуық отбасының мұқтаждық қағидаттары қайта тексеріледі. Жұмыстар 4 кезең бойынша орындалады. Бұл ретте негізгі назар азаматтардың нақты әлеуметтік жағдайын бағалауға және әлеуметтік қолдауды шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағыттауға аударылады. Бүгіннің өзінде «А» және «В» санаттарындағы азаматтардың деректері нақтыланып, нәтижесінде «А» санатындағы әлеуметтік төлем алушылардың 200-ге жуығы мемлекеттік жәрдемақы алудан өз еркімен бас тартқан. Өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасылардың табысын арттыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қайта өңдеу саласында 55 кооператив құру жоспарланған. Нәтижесінде 220 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.