Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы арқылы бүгінге дейін елдегі 7 млнға жуық жеткіншектің шотына 2,5 миллиард долларға жуық қаражат аударылған. Олардың арасында кәмелет жасына жетіп, жинағын кәдеге жаратып үлгергендер де бар. Бір қызығы, жиналған қаражатты тіпті мұраға қалдыруға болады. Тақырыпты әріптесім Көркем Әбдіғали зерттеп көрген еді. Бейнематериалға зер салайық.
18 жасқа толып, Мемлекеттік бағдарлама аясында Ұлттық қордан жиналған қаражатын баспана алуға жұмсауды жоспарлап отырған жастардың бірі, Әділет Әбсемет. Жоба туралы ол алғаш рет әлеуметтік желіден көріп, ерекше қызығушылық танытқан. Бастапқыда «Бұл қандай бағдарлама? Қаражат қайдан келеді және қайда түседі?» деген сан алуан сұрақтар көкейінде ұялағаны жасырын емес. Алайда, Әділет уақыт жоғалтпай, бұл жаңалықты ата-анасымен және жақындарымен бөлісіп, бірден сала мамандарына жүгінген. Мамандардан егжей-тегжейлі кеңес алып, бағдарламаның тиімділігі мен шынайылығына көз жеткізгеннен кейін, жеке үй алуды мақсат еткен. Әділет таяуда ғана колледжді тәмамдаған. Ендігі кезекте ол Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына қосылып, ел қорғауға ниеттеніп отыр. Жиналған қаражатты тек екі бағытқа, оқу ақысын төлеуге немесе баспана алуға ғана жұмсауға болатынын естігенде, Әділет еш ойланбастан үй алуды мақұл көрген.