Той думансыз-ақ 25 мамырды есте қаларлықтай ерекше атап өтуге болады. Осының бір үлгісін Түркістан облысының түлектері көрсетті. Бір ғана емес 4 ауданның түлектері игі іске атсалысып, мұқтаж жандармен, сыныптастарының шаңырағына шаттық сыйлап, үй тарту етті. Игі шараға Қазығұрт ауданы Талдыбұлақ елді мекенінің 1985 жылғы туылған ауыл азаматтары да атсалысты. Үй көпшіліктің көмегімен небәрі үш айда тұрғызылып, шатыры жабылды. Бастама көтерген жолдастарының сөзінше, оған ауыл азаматтары түгел атсалысқан. Кішкентайлары құрылысшыларға салқын су тасыса, қыз келіншектер күнделікті түскі астарын дайындапты. Ал, Түлкібаста екі білім ошағының 2002 жылы түлеп ұшқан түлектері өмірден өткен досының жарына Т.Рысқұлов ауылынан 4 бөлмелі үй алып берді. Сондай-ақ, Түркістан мен Жетісайлықтарда сауапты іске үлес қосты. Олар ана мен баланың қуанышын көргенде бойыңды ерекше сезім билейді дейді. 2002 жылғы түлектер қайырымдылық эстафетасын өздерінен кейінгі інілеріне табыстады.