Түркістан
EN

Мақта жинау науқаны аяқталуға жақын

16
27.10.2026

Түркістандық диқандар биыл жарты миллион тоннадан астам мақта жинауды межелеп отыр. Аймақтағы 173 мың гектар алқапта басталған  терім жұмыстары аяқталуға жақын. Озық технологияның игілігін көрген түстіктің шаруалары биыл өнімнің мол болатынына сенімді. Мырзашөл өңіріндегі қабылдау бекеттерінде жұмыс қызып тұр, мақта тиелген көліктер тізбегі тоқтаусыз ағылуда. Шаруалар бұл жолы ағын су мен тыңайтқыштан еш таршылық көрмегенін айтады. 

Биыл Жетісай ауданында 45 мың гектар алқапқа «ақ алтын» егіліп, қазіргі уақытта шаруалар өнімнің 80 пайызын жинап үлгерді. Тіпті кейбір қожалықтар екінші терімге кірісіп кеткен. Жергілікті сорттармен қатар Өзбекстан, Түркия және Қытай шиттерін пайдаланған диқандар гектарына орташа есеппен 30 центнерден өнім алуда. Шаруалардың айтуынша, биылғы маусымда ағын су тапшылығы сезілмеген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мол өнім жинап, зауыттарға өткізіп жатырмыз дейді.