Түркістан облысында 23 жастағы ана үшем сәбиді дүниеге әкелді. Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылында тұратын жас отбасының шаңырағында бірден үш ұл дүниеге келді. Үшемнің әкесі Аслиддин Шапахов 1998 жылы, ал анасы Зиеда Сайдурасил 2003 жылы туған. Жас отбасының тұңғышы - Турсунмурод. Енді олардың отбасына Хасан, Хусан және Усмон есімді үш ұл қосылып, ерлі-зайыпты төрт баланың ата-анасы атанды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, босандыру отасы сәтті өткен. Ана мен нәрестелердің жағдайы жақсарғаннан кейін олар үйіне шығарылды. Айта кетейік, өңірде осымен жыл басынан бері сегізінші үшем дүниеге келді.