Түркістанда бір жасар сәбидің өңешінен сырға табылды. Аудандық емхана дәрігерлеріне жүгінген ата-ана баласының абайсызда ұсақ зат жұтып қойғанын айтқан. Ақ халаттылар бірден сәбидің кеуде қуысын рентгенге түсіріп, қауіпті металдың өңеште тұрып қалғанын анықтап шұғыл облыстық ауруханаға жеткізген. Хирургтер жедел әрекет етіп, тамаққа кептелген сырғаны операциясыз-ақ суырып алды. Қазір бүлдіршіннің денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Осы оқиғадан кейін дәрігерлер ата-аналарға сақ болуды, қауіпті бұйымдарды балалардың қолы жетпейтін жерге қоюды ескертті.